Қазақстанда қан донорларын ынталандыру мақсатында алғаш рет ресми түрде «Құрметті донор» марапаты тағайындалды. Бұл шешім Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілді, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Жаңа марапаттың алғашқы иегерлері бекітілген талаптарға толық сай келген 481 тұрақты донор болды. Үкімет қаулысына сәйкес, ведомстволық төсбелгі еліміздің азаматтарына, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға өтеусіз негізде донорлық жасағаны үшін табысталады.
Талап бойынша қан немесе тромбоцитті кемінде 40 рет, ал қан плазмасын кемінде 70 рет тапсырған азаматтар «Құрметті донор» төсбелгісімен марапатталады.
Бұл бастама адам өмірін сақтап қалуға үлес қосып жүрген тұрақты донорлардың еңбегін бағалауға бағытталған. Осылайша олардың қоғам алдындағы игі ісі ресми түрде мойындалып, ерекше мәртебеге ие болады.
Төсбелгілерді Қазақстан теңге сарайы дайындайды. Оның дизайны мен барлық элементтері Қазақстан Республикасы Геральдика жөніндегі республикалық комиссияның талаптарына сәйкес әзірленген.