Ақтау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мамыр мерекелері қарсаңында облыс орталығын безендіретін мердігерді анықтау үшін конкурс жариялады ,-деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
1,7 және 9 мамырда елде Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні атап өтіледі. Осыған орай қала билігі мерекелік іс-шараларға 30 миллион теңге жұмсауды жоспарлап отыр.
Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған техникалық сипаттамаға сәйкес, қала ауқымды түрде емес, негізінен стандартты элементтермен безендірілмек. Жеңімпаз компанияға 16 брендмауэр орнату, билбордтарға 180 баннер дайындап ілу, 36 баннерді жаңарту міндеті жүктеледі. Сондай-ақ әр мерекеге 30-дан ту орнатылған композициялар қойылып, жалпы саны 5 мыңнан астам тақырыптық ту пайдаланылмақ. Бұдан бөлек, Қазақстанның мемлекеттік тулары ілінеді.
Құжатта 104 ту бағанын жөндеу және LED-экрандарға арналған мерекелік бейнероликтер әзірлеу де қарастырылған. Жұмыс құнына конструкцияларды орнату мен кейін алып тастау шығындары толық енгізілген.
Жоспар бойынша безендіру нысандарының басым бөлігі қаланың орталық көшелерінде орналасады. Конкурс 23 сәуірде жарияланып, 27 сәуірде қорытындыланады.